Блог статистикасы
195
Жазбалар
3619
Өтініштер
153841
Келушілер
Облыстық Басқармалар
(жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын)
Областные управления и департаменты
(финансируемые из республиканского бюджета)

Қаланың тарихы

Қала туралы

Қостанай  (1878 жылдан 1905 жылға дейін  Николаевск, 1997 жылғы  17 маусымға дейін Кустана́й) — Қазақстандағы қала, Қостанай облысының әкімшілік орталығы. 1997 жылғы 17 маусымда Қазақстан Президентінің Жарлығымен орыс тіліндегі «Кустанай» атауының транскрипциясы «Костанай», ал «Кустанайская область» —  «Костанайская» деп өзгертілді.

Батыс Сібір ойпатының дала белдемі алып жатқан оңтүстік-батыс шетін құрайтын Қостанай жазығының орталық бөлігінде орналасқан. Тобыл өзенінің, оған Әбілсай мен Қостанай деген салалары құятын биік жарқабақты террасалы жағада орналасқан. Қостанай осы атыраптағы байырғы елді мекендердің бірі.

Сағаттық белдеу

Астрономиялық уақыты 2004 жылдан бастап Костанай облысында Астана уақыты пайдаланатын болды, ол халықаралық уақыт стандарты бойынша UTC+6 сағат өлшеміне сәйкес келеді. (астрономиялық түс уақыты Қостанайда орташа сағат 13.46 басталады).

Ауа-райы

Лезде ауыспалы, жазы ыстық құрғақ, қысы суық қары аз болды. Шілдеде орташа температурасы: +20,9 °C (ең жоғары +42,5 С), қаңтарда: −14,5 °C (ең төменгі −49,7 С); бір күн ішінде температураның лезде ауысып кетуі мүмкін; желдің орташа жылдамдығы — 3,2 м/с, қыста негізінен оңтүстік бағытынан, ал жазда солтүстік бағытынан соғады. Жылына орташа жауан-шашын: 300—350 мм, жазғы уақытта жауын-шашын көп жауады. Ауаның орташа жылдық ылғалдығы — 71 %. Табиғаттың өсіп, даму кезеңі шамамен 170 тәулікті құрайды.

Көлік

Халықаралық әуежай. Ұшақ рейстері 2010 жылғы 11 шілдеден бастап мына  авиакомпанияларымен жүзеге асырылады — ұлттық тасымалдаушы «Эйр Астана», «SCAT», «Irtysh Air», сондай-ақ «Трансаэро» (Ресей Федерациясы), «Белавиа» (Белоруссия), Hamburg International Luftverk (Германия). Әуе жолымен Қостанайдан ТМД елдірінің және таяу шетелдің  көптеген ірі қалаларына, сондай-ақ қазақстанның қалаларына жетуге болады.

Теміржол вокзалы. Тасымалдау Астана, Алматы, Қарағанды, Арқалық, сондай-ақ Мәскеуге және Санкт-Петербургқа жүргізіледі. Сондай-ақ қала маңындағы поездері Новоишимск, Жітіқара, Троицк бағытына жүреді. Қаладан 90 км қашықтықта — ірі темір жол торапы — Тобыл станциясы бар.

Автовокзал. Тасымалдау облыстық, республикалық және халықаралық желілердің көп саны бойынша жүзеге асырылады. Қалада автобус маршруттарының көптеген саны жұмыс істейді.

Оқу орындары

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай Мемлекеттік Университеті

Қостанай Мемлекеттік Педагогикалық институты

Академик З. Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті

М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-педагогикалық университеті

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің Қостанай академиясы  Челябі Мемлекеттік Университетінің Қостанай филиалы

Қостанай әлеуметтік-техникалық колледжі

Қостанай автомобиль көлігі колледжі

Қостанай медициналық колледжі

Қостанай педагогикалық колледжі

Қостанай политехникалық  колледжі

Қостанай құрылыс колледжі

Қостанай гуманитарлық колледжі

Қазтұтынушылародағының Қостанай экономикалық колледжі

Қостанай индустриалдық-педагогикалық колледжі

Қостанайәлеуметтік білім колледжі

Көрнекті орындар

Ахмет Байтұрсыновтың ескерткіші бар А. Байтұрсыновтың алаңы

Площадь Первоцелиников с одноимённым скульптурным ансамблем

Амангелді Имановтың ескерткіш

А. С. Пушкиннің ескерткіші

Өлкетану мұражайы

Ыбрай Алтынсариннің мұражайы

Ы. Алтынсариннің бюсты

Л. Таранның бюсты

Көпес Лорец үйі

Марал Ишан атындағы ақ мешік

Қостанай қаласының Константино-Еленинск  Соборы Орал Епархиясы Орыс  Православ Шіркеуі

Жеіс паркі: Ұлы Отан соғысының құрбандарына естелік мемориалы

В. И. Лениннің (Ульянов) ескерткіші

Репрессияға құрбандарына ескерткіш;

Ауғанстан соғысына қатысқан жауынгерлерге арналған ескерткіш

Радиациялық апаттардың құрбандарына ескерткіш

«Расстрельная стена» қызыл әскер жауынгерлерін колчаковтар атып салған  Кеңес Одағының екі мәрте батыры И. Ф. Павловтың бюсты

Кеңес Одағының екі мәрте батыры Л. И. Беданың бюсты

БАҚ

Қазіргі «Қостанай таңы» газетiнің алғашқы саны 1922 жылы 25 маусымда «Ауыл» деген атпен шықты. Ал 1991 жылдан бастап бүгiнгi «Қостанай таңы» деген атпен жарық көрiп келедi. Бүгінде аптасына үш рет шығады. Таралымы – 11050 дана. Өңірлік қоғамдық саяси басылым «Костанайские новости» газеті аптасына 82 000 данадан артық тиражбен шығады. Облыс орталығында: «Наш Костанай», «КостанайАгро», «Наша газета» газеттері аптасына екі рет шығады. Электрондық БАҚ: жергілікті — мемлекеттік теледидар Қазақстан-Қостанай, телерадиокомпания «Алау», республикалық — «1 канал — Евразия», «31 канал», «КТК», «НТК», «Қазақстан», «Хабар», «Ел арна», «Астана», «7 канал», сондай-ақ кабельдік операторлар: Алма-тв. Жергілікті радиостанциялары «Алау» және радио «КН» басқа республикалық 4 радиоарнасы жұмыс істейді (Авторадио-Қазақстан, Тенгри-FM, NS, Ретро FM, Русское радио).

Тарих. Қостанай – құт-мекен

Қостанай – ежелден қалыптасқан жер атауы. Қостанай Орынбор және Торғай облыстары губернаторының жоспарында Ордабай қаласы деп көрсетілсе, 1879 жылдан бастап Қостанай деп аталады. 1893 жылы қаланың аты Ново-Николаевск болып өзгертілген. 1895 жылы Қостанай атауы қайтарылған. Бірақ, орыс тіліндегі нұсқасы Кустанай тек 1997 жылдан бастап Қостанай деген қазақша атаумен дұрыс жазылатын болды.

Қостанай – ғасырлар бойы қалыптасқан, ана тіліміздегі мән-мағынасы сақталған төл атау. Сондықтан да оны ең алдымен туған жер тарихымен байланыстыра қарау керек екенін естен шығаруға   болмайды.

Жазушы Ақселеу Сейдімбек «Күмбір-күмбір күмбездер» атты кітабында («Жалын» баспасы,1985 жыл) Асан-қайғы есімін осы өңірмен байланыстыра қарайды. Торғайдың шығыс бөлігінде орналасқан Ұлытаудың басында Асан-атаның бәйбішесі Тана-әже жерленген. Оның басындағы ескерткішті халық Ақ мешіт деп атайды. Автор Қостанай қаласының аталуын да осы Тана-әженің құрметіне койылған Тана және Танай деген есімге ие болған   егіз   қыздың   есімінен   іздейді.

Өнер зерттеушісі, сазгер Қайыржан Мақанов «Бізге беймәлім баян немесе Қайғы атауы қайдан шыққан?» деген мақаласында («Қостанай таңы»,17.11.2009 жыл): «Ауылдың жанында Қайғы деген шағын көл бар. Одан әрі Күйік деген сулы қопа бар. Асан қайғының бір баласы өліп, Асанның көз жасынан Қайғы көлі, ал екінші баласы өлгенде Күйік қопасы пайда болыпты дейді ел ішінде» – деп жазады. Данабике Байқадамова («Аңыздың айғағы бар»,«Лениншіл жас», 16.08.1984 жыл) мақаласында әкесі Байқадам Қаралдыұлының «Қайғы Қарасуы бұрын Асан қайғы Қарасуы делінетін. Қазір Қайғысы ғана қалды. Қоңыс іздеген ел данасы Асан желмаямен жүріп осы Қарасудың басына түнеді деген әңгіме бар. Асан саналы, көреген адам болған. Одан ел билеген хандар да ақыл сұраған.  Қайғыдағы ауылдың «Асан келді, Абат жерленді» деген сөздері құлаққа әбден сіңген» деген сөздерін келтіреді.

Филология ғылымдарының кандидаты Бақыткүл Мамиева «Асан қайғы туралы аңыздар» деп аталатын әдістемелік құралында (Қостанай, «Шапақ» баспасы, 2009 жыл,75 бет) «Мұндай аңыздың бірі Қостанай қаласының аталуына байланысты да айтылады. Аңыз мазмұны бойынша, Қостанай маңын жайлайтын қыпшақ руына жау шапқанда, егіз қыз батырлық көрсетіп, ерлікпен қаза табады.  Асан ата қыздарды жоқтап: «қос танам-ай!» – деп жылайды. Содан қаланың аты Қостанай аталып кетеді» деп жазады.

Осы автор Қостанай өңірінен жазып алынған аңыздың бірінде Асан Науырзым маңындағы Бестарау деген жерде жыланмен достасады. Бір күні Асанның баласы аңға шығып, әкесіне дос жыланның баласын абайсызда өлтіреді. Қайғы шеккен Асан дос жыланына келеді. Жылан Асанның баласы екенін білмей қалғанын айтып, қатты өкініп, бірге қайғырады.Осы жер кейін Бестарау деп аталады, Ол жер кейін Қайғы деп аталған деген дерек келтіреді. (ҚР ҰҒА сирек қолжазбалар қоры.  № 910 бума, № 5 дәптер).

Асанның Тана-әжеден туған батыр ұлы Абат туралы аңызда айтылатын Жыланды, Қызбел таулары осы күні Қостанай облысына қарасты Науырзым ауданының аумағында орналасқан. Осы уақытқа дейін Қайғы атын сақтап отырған ауыл тұрғындары күні кешеге дейін қара суға зар болғаны рас. Ауыз судың тапшылығынан әбден таршылық көріп қалған ел ауыл үстімен өткен көлденең көк атты жолаушыға сусын да бермеген кездері  болса керек, «Қайғыға қайырылма, кара жолдан айырылма» – деген әзіл де болса шын айтылған сөз сол жылдардан қалған. Ал осы маңайдағы тағы бір тарихи жер атауы Бестамақ. Жазып алушы Бестарау деп қате жазып алған болуы мүмкін.

Аңызға сенер болсақ, желдей ескен желмаясымен жер түбіне келген Асан ата түгін тартсаң майы шығатын құйқалы жерді көріп: «Шіркін, шөбі мол екен, әттең, суы жоқ екен!» – деп аса таяғымен қара жерді бір соғып қалғанда, жер астынан су атып шыкқан екен дейді. Қызбел тауының бауырында осы күні де Қарасу аталатын көл бар. Бұл көлдің пайда болу тарихы Асан атаның батыр ұлының   есімімен   байланысты.

Ел аузындағы тағы бір аңызда ертеде өмір сүрген хан ел-жұртына: «кім қорықпайды, кім қызғанбайды, кім өкпелемейді???» – деген үш сауал тастағаны айтылады.

Оған жиналғандар: «Абат ешкімнен қорықпайды, Абат ешкімді қызғанбайды, Абат ешкімге өкпелемейді» – деген жауап қайтарады. Мұны естіген хан Абатты үш сыннан өткізеді.

Алғашқыда өзінің қырық жігітін жұмсап, Абатты оңашада қоршап алып,  шайқасуды    бұйырады.

Бұл сыннан батыр мүдірмей өтеді. Тосыннан тиген жауға қаймықпай қарсы шауып, бетін қайтарады. Оның қайсарлығын көрген қолбасшы жігіттеріне тоқтау салып, кері қайтады. Көргендерін ханға  келіп жыр қылып   айтады.

Екінші жолы хан өзінің жырынды қуын қиянат қылмаса да Абаттың әйелінің қойнына барып жатуға жұмсап, ол болса батырды сынағысы келген ханның ұйғарымы бар екенін айтып, Абаттың келіншегін көндіреді. Жорықтан оралған батыр үйіне кіріп келсе, әйелінің қасында бейтаныс жігіт жатқанын көреді. Жігіттің бір қолы әйелінің мойнының астында қалса керек. Сонда Абат: «Шіркін-ай, ер жігіт әйелдің астына қолын сала ма екен», – деп ұйқыларын бұзбай, ақырын әйелінің басын көтеріп, жігіттің қолын үстіне салып қойып, алаңсыз ұйықтай береді. Ертеңіне аман-есен ханға оралған жігіт болған жайды айтады.

Үшінші рет хан Абатты асқа шақырып, қонақасы кезінде оны көзге де ілмейді, қараша үйлердің біріне кіргізіп, кәделі табақ тартқызбай, алдына ішек-қарын салынған табақ қойғызады. Абат алдына қойған тамақты жеп алып, рахметін айтып, жүріп кетеді.

Мұның бәріне қатты қайран қалған хан батырды шақыртып алып, жөнін айтып, аталған үш қасиетке ие болуының себебін сұрайды.   Сонда Абат   былай   деп жауап   қайтарады:

Қорықпайтын себебім, бірде жортуылда жүргенде бір қоян кездесті. Қоянды бір атпен қусақ та ұстайтын едік, 300 адам қамалап ұстаймыз деп тұрғанда, сол қоян бізден есебін тауып, құтылып кетті. Япыр-ай, тағдыр қырын қарамаса, ажал жоқ екен ғой, – деп қорықпайтын   болдым,  – дейді,

Асқа өкпелемейтінім, бірде бір жеті жол жүріп, оралып келсем, шешем күнде ішетін үш мезгіл тамағымды дайындай берген екен, сол сақтап қойғанынан бір мезгілге есепетелген асты зорға тауыстым, бұл тамақ деген де жай көңіл екен ғой, бұған өкпелеу-пенделік екен, – деп тоқтадым, – дейді.

Әйелді қызғанбайтыным, бір жылы сапарға шықтық, жиырма бес жігіт едік, ортамызда екі әйел бар еді, бір күні екеуі ұрысып жатыр екен, не деп жатыр, – деп құлақ қойсам, біреуі екіншісіне: «мен он екі еркекке ас қамдаймын, сен он үш еркекке ас дайындайсың, маған бір байыңның артықтығын сес қыласың ба?» – депті. Сонда қанағатсыз жандарды бір еркек болып қорғап үлгірудің өзі мүмкін емес екен, – деп ойладым,» – дейді.

Абат батыр туралы айтылған әңгіменің осыдан сәл өзгертілген нұсқасы «Жалын» баспасынан 1985 жылы жарық көрген, филология ғылымының кандидаты Көбей Сейдаханов құрастырған «Өлген қазан» жинағында   жарияланды.

Қалай болған күнде де Абат басы деп аталатын жер де, аңыздарда айтылатын басқа географиялық атаулар да бар.  Қостанай атауы Тана-әженің құрметіне қойылған  қыздардың   есімдерімен   аталуы   әбден   мүмкін.

Тарихқа ақын көзімен  қарайтын болсақ, ендігі ойымызды жыр тілімен   жалғайық:

Бұл жердің ежелгі аты Қайғы деген,

Өзінің түп негізін әйгілеген.

Қайғыда  қасірет  жоқ, қуаныш  көп,

Өскен  ел өркендерін  жайды  дер ем.

Бұл   Қайғы өткен күннің   шежіресі,

Көп   сырға,  араласаң,  кезігесің.

Бел  шешіп, шалғынына  аунап    жатып,

Қадірлеп  басыңды иер жерің осы.

Әрине,   жоқтан бар зат   жасалмайды,

Өзендер су жоқ жерден бас алмайды.

Жүйткітіп   желден   жүйрік   желмаямен,

Жүріпті   саяхаттап  Асан-қайғы.

Қызбел мен Жылаңдының арасында,

Дейтін жер Абат басы бар осында.

Асанның   сүйікті   ұлы   Абат   батыр,

Қазақтың   жерленген бе даласында?

Қазаға   аңғал    батыр   ұшырайды,

Аңыз   қып ел айтады осы   жайды,

Ағыпты   тау басынан  Үлкен қайғы,

Сәл төмен және ағыпты Кіші қайғы.

Міні жоқ бұл мекеннің өз басында,

Тұр,   бірақ,   қайғы  деген сөз басылмай.

Мына көл «Асан, Абат, қайдасың?»- деп,

Жоқтаған   қалың елдің  көз жасындай.

Көзіндей  кешегі  өткен  Тана-әженің,

Сабырмен ағып жатқан жоқ өзенім.

Тек  қана Қайғы деген көл қалыпты,

Ал оған қажеті жоқ дәреженің.

Кеткен  соң өзен  орнын мың із көміп,

Сөз теріп, ел аузынан  сыр іздедік.

Қайғыда көптен бері жөнелтеді

Адамды су  сұраған қымыз  беріп.

Сәл тоқта! Қайда тартып барады өлең?

Мен оның түйініне жаңа келем,

Ұл да көп содан  бері  Асан  деген,

Қыз да көп кең даламда Тана деген.

Бұлдырап көз алдымнан бала кезім,

Елжіреп ет-жүрегім барам өзім.

Шұрқырап құлын-тайдай  бірге  ойнаған,

Білмеймін,  қайда   жүрсің, Тана-көзім?!

Бағатын қонағының қас-қабағын,

Қалмайтын   құрақ   ұшқан  досқа  жаны,

Арудың сыңғыр  қаққан сырғасындай,

Ел  қалай ұмытады  қос Тананы?!

Құшағы  содан  бері  досқа  дайын,

Жемейтін  ел аманда  босқа уайым,

Тіп-тік боп қарағайдай тұр асқақтап,

Тобылдың  жағасында  Қостанайым.

Қостанай қаласының бұрынғы орнын, Тобыл жағасын қыпшақ рулары қоңыс қылған. Олай болса қаланың атауы да қыпшақтың ару қыздарының аттарымен аталған деуге негіз бар.   

Журналист Қуаныш Орманов «Алтын дала» (Казинпресс, 2006 ж.66 бет) кітабында тағы бір нұсқаны мысалға келтіріп: «Ежелден Тобыл жағасында ұзын қыпшақ тайпасы Алтыбас руының ұрпақтары тұрған. Оның басшыларының бірі – Алтыбастың үшінші ұлы Тіней болған. (Алтыбастың бес ұлы болған: Табын, Тазша, Тіней, Қармыс және Хафизолла). Ал Тінейден Сатай, Санай және Құндыз атты үш ұл тарайды. Құндыз – Ыбырай Алтынсариннің арғы атасы. (Тіней-Құндыз-Көбек-Тастемір-Жаңбыршы- Балқожа-Алтынсары-Ыбырай). Ал Тінейдің ұлдары Сатай мен Санай туған өлкені жаулардан қорғаған, бүкіл өлкеге даңқы шыққан батырлар болған. Аңыз бойынша, бұл жерлер сол батырларға тиісті болса керек. Сол кезден бері халық бұл өңірді екі батыр, екі ағайынды Тінейлер жері деп атап кеткен. Яғни, Қостіней жері. Уақыт өте келе, қос Тіней өзгеріп, Қостанайға айналған. Бұл да шындыққа ұқсайды емес пе?» – деп жазады. Бұл жерде автор Көбек пен Тастемірдің арасындағы аталарды ұмыт қалдырған. Бірақ, Қостанай өңірі ежелден қыпшақтар қоңысы болғаны дау туғызбайды.

Қазақстанның халық жазушысы Мәриям Хакімжанова Қостанайға келген сапарларының бірінде қазіргі Қостанай қаласы орталығындағы Ұлттық банк ғимараты орналасқан үйді нұсқап, осы арада ертеде бейіт болған, онда қыпшақтың өмірден ерте кеткен екі қызы да жатыр. Қалаға алғаш қоңыстанған мұжықтар бүйірін таянып, жоқтау айтқан әжені көріп, одан «бұл жердің аты қандай?» – деп сұраса, ол «қос танам-ай! – деп жылай берген екен, содан қала Қостанай атанған деген әңгімені айтқаны да есімде қалыпты. Кейінірек сол бейіттің жанына  Ақ мешіт салынғаны белгілі.

Халық ақыны Омар Шипиннің:

«Қостанай Тобыл өзен жағасында,

Аты еді бір моланың о басында.

Бір мыңда осы жерге қала түсті,

Сегіз жүз сексен жылдың шамасында» – деген өлеңі бар.

Бұл жерде қазақтың өз балаларын ботам, қозым, құлыным, танам  деп атайтынын та есте ұстаған абзал.

Тана – көз тимес үшін  көбінесе қыз балалардың қамзолына тағып қоятын әшекей. Әжелері балаларын танам деп сүйгенде, осы тана ойында болуы мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды.

Бірақ, ел аузында жиі айтылатын егіз қыз туралы аңыз шындыққа бір табан жақын секілді.


хат жіберу